
Постменопаузалық остеопороз: белгілері мен емі
Постменопаузалық остеопороз бұл әйел жыныс гормондарының, әсіресе эстрогендер тапшылығының нәтижесінде пайда болатын зат алмасу бұзылыстарына байланысты сүйек тінінің патологиялық өзгерісі. Бұл ауру көбінесе белгілерсіз өтеді және тек сыну пайда болғаннан кейін анықталады. Алайда кейбір жағдайларда әйелдер остеопорзға тән белгілердің пайда болуымен ертерек дәрігерге жүгінеді.
45 жастан кейінгі әйелдерде остеопороздың себептері
Сүйек тінінің тығыздығының төмендеуі және құрылымының бұзылуы әйелдің репродуктивті функциясының әлсіреуімен байланысты. Менопауза кезінде жыныс гормондарының (эстрогендердің) деңгейі төмендейді, ал олар кальций алмасуына қатысады. Бұл минерал қаңқа жүйесі мен тістердің беріктігіне, сондай-ақ бүкіл ағзадағы сүйек тінінің қалпына келу процестеріне және жаңаруына жауап береді.
Эстроген деңгейінің төмендеуі әрдайым менопаузамен байланысты емес, ол кейбір дәрілердің гормондық өндірісті басуына, аналық бездердің алынып тасталуына, жатырдан тыс жүктілікке және басқа да жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Алайда 45 жастан кейінгі әйелдерде остеопороздың негізгі себебі – менопауза болып қалады.
Менопауза неғұрлым ерте басталса, остеопороздың даму қаупі соғұрлым жоғары болады. Себебі сүйек тінінің жұқаруы менопаузаның алғашқы кезеңінде жылдам жүреді, яғни эстроген деңгейі жаңа ғана төмендей бастаған кезде. Біраз уақыттан кейін сүйек массасының жоғалуы бәсеңдейді. Егер менопауза 45 жасқа дейін басталса, әйел осы кезеңде ұзақ уақыт болады және сүйек тінін көбірек жоғалту қаупі жоғарылайды. Ал егер менопауза 50 жастан кейін басталса, остеопороз қаупі айтарлықтай төмен болады.
Постменопаузалық остеопороздың дамуына және өршуіне келесі факторлар ықпал етуі мүмкін:
- теңгерімсіз тамақтану
- физикалық белсенділіктің төмендігі
- гормоналды бұзылыстар (анамнезде)
- зиянды әдеттер (темекі шегу, алкогольді тұтыну және т.б.)
- дене салмағының төмен болуы
- кальций алмасуына әсер ететін глюкокортикоидтарды ұзақ қабылдау(12 аптадан аса) және басқалары
Тағам рационындағы кальций тапшылығы остеопороздың ағымын нашарлатуы мүмкін. Бұл минералды жеткілікті мөлшерде тұтыну ауруды емдемесе де, оның тапшылығына жол бермеу маңызды. Кальцийге кедей диета, яғни сүт өнімдері, ет, құс еті, балық және бұршақ тұқымдастарды аз тұтыну, минералдың жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін.
Керісінше, көп мөлшерде кондитерлік және нан өнімдерін, жануар майларын, кофе мен қара шайды тұтыну остеопорозды асқындыруы мүмкін. Мұндай тағамдар ағзадағы кальцийдің жетіспеушілігіне және оның сіңуін жақсартатын заттардың азаюына әкеледі, сонымен қатар ішекте минералдың сіңуін тежейтін компоненттерге бай.
Жүктілік те менопаузалық остеопорозға әсер етуі мүмкін. Бала көтеру кезінде әйел ағзасынан кальций жылдам шығындалады, ал келесі жүктілікке дейін немесе менопаузаға дейін оның деңгейі толық қалпына келмеуі мүмкін. Сондықтан остеопороздың алдын алу шараларын жүктілік кезеңінен бастап қарастыру қажет.
Жас ұлғайған сайын қозғалыс белсенділігі төмендейді. Қозғалыстың жетіспеушілігі қан айналымының баяулауына, салмақ қосуға ықпал етеді. Ашық ауада аз уақыт өткізу және күн сәулесінің жеткіліксіздігі де бұл аурудың дамуына әсер етеді.
Мәселе мынада: кальцийдің сіңуі үшін D дәруменінің жеткілікті мөлшері қажет. Бұл дәруменнің негізгі көзі – күн сәулесі және арнайы тағамдық қоспалар. Сондықтан солтүстік аймақтарда тұратын әйелдерде D дәруменінің тапшылығы жиі кездеседі, бұл менопауза кезінде остеопороз қаупін арттырады.
Постменопаузалық остеопороздың дамуында генетикалық бейімділік те рөл атқаруы мүмкін. Егер отбасында бұл аурумен ауыратын адамдар болса, остеопорозға шалдығу қаупі жоғарылайды.
Аурудың даму механизмі – сүйек тінінің қалпына келуі мен бұзылуы арасындағы теңгерімсіздік. Эстрогеннің тапшылығы кальций алмасуына қатысатын кальцитонин гормонының бөлінуін азайтады. Бұл жағдай сүйекті паратиреоидты гормонның (қалқанша маңы безінің гормоны) бұзушы әсеріне сезімтал етеді. Кальцитонин тапшылығы ішек эпителийіндегі өзгерістерге байланысты кальцийдің сіңуін төмендетеді. Сонымен қатар, D дәруменінің жетіспеушілігі кальцийдің сіңуіне қосымша кедергі келтіреді.
Қозғалыстың аз болуы климакс кезеңінде сүйек пен бұлшықет жүйесіне түсетін жүктемені төмендетеді, бұл өз кезегінде сүйек тінінің қалпына келуін баяулатады. 65 жастан асқан әйелдерде остеопороздың даму қаупі одан әрі жоғарылайды, себебі бұл кезеңде сүйек салмағының жоғалуы күшейеді.

Постменопаузалық остеопороздың белгілері
Постменопаузадағы әйелдердің шамамен 50%-ында ауру белгілерсіз өтеді және көбіне кездейсоқ, ауыр жарақатпен байланысты емес сүйек сынуынан кейін анықталады. Басқа жағдайларда аурудың белгілері біртіндеп күшейеді. Сүйек салмағының азаюына байланысты әйелдер бел-сегізкөз аймағындағы ауырсынуға шағымдана бастайды, бұл ауырсынулар ауыр зат көтергенде, денені бұрғанда күшейеді.
Кейіннен постменопаузалық остеопороз белгілеріне жауырын арасындағы ауырлық сезімі, жамбас, сүйектер және балтыр ауыруы қосылады. Жағымсыз белгілер жату қалпында біртіндеп басылады.
Ауырсыну күшейіп, уақыт өте келе қозғалыссыз демалған кезднде басылмайды. Омыртқаның қисаюы, кифоз түрінде дене мүсінінің айтарлықтай бұзылуы байқалуы мүмкін. Көбінесе бұл жағдай әлсіздікпен, тіпті аз физикалық жүктемеде де тез шаршағыштықпен қатар жүреді, бірақ бұл белгілер остеопорозсыз постменопаузада да байқалуы мүмкін болғандықтан, оларды нақты деп атау қиын.
Аурудың ең ауыр көріністері – омыртқаның биіктігінің төмендеуімен жүретін омыртқаның компрессиялық сынулары, сондай-ақ тобық, жамбас мойны және білек сүйектерінің сынуы. Омыртқаның компрессиялық сынуларының ең айқын белгісі – бойдың жыл сайын бірнеше сантиметрге қысқаруы. Қызығы, бұл жасқа байланысты өзгеріс халық арасында ертеден байқалып, бүкір кемпірлер мен еңкейген қарт әйелдердің бейнесі арқылы сипатталған.
Остеопороздың мүмкін болатын асқынулары
Менопаузадағы әйелдер үшін остеопороздың ең ауыр салдары – омыртқаның қатты қисаюы, аяқ-қолдардың жиі сынуы салдарынан мүгедектікке әкелуі. Остеопорозбен ұзақ қашықтыққа жүру, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді орындау, қарапайым әрекеттер жасау қиынға соғады.
Өмір сүру сапасының күрт төмендеуі, әдеттегі белсенділіктің жоғалуы көбінесе эмоционалдық бұзылыстармен қатар жүреді.
Постменопаузалық остеопорозды диагностикалау
Омыртқадағы компрессиялық өзгерістерді анықтау, аяқ-қолдардың жиі сынуы – әйелді остеопорозға кешенді тексерудің маңызды себептері. Алайда, білікті маман менопауза басталғаннан кейін сүйек тінінің жағдайын және құрылымын тұрақты бақылауды ұсынады.
Диагностикалық мақсатта сүйек тінінің архитектоникасын, кальциймен қанығу деңгейін бағалау құралдары, сондай-ақ сүйек зақымдануының биохимиялық белгілерін анықтау әдістері қолданылады. Ең кең таралған және ақпараттық әдістер мыналар:
- Денситометрия. Бұл рентгенографиялық немесе ультрадыбыстық әдіс. Денситометрия дәрігерге сүйек тығыздығын анықтауға, білек, жамбас буыны, омыртқалардың минерализациясын бағалауға көмектеседі. Бұл әдіс остеопороздың ерте диагностикасында да қолданылады. Екіэнергетикалық остеоденситометрлер, УДЗ-скрининг (эходенситометрия), сондай-ақ КТ-денситометрия қолданылады.
- Қандағы гормон деңгейін анықтау анализі. Дәрігер тиреокальцитонин мен паратирин деңгейін анықтауға жолдама береді, бұл аурудың эндокриндік табиғатын растауға мүмкіндік береді.
- Биохимиялық зерттеулер. Лабораториялық анализдер кальций, сарысулық фосфор және басқа да маркерлер деңгейін анықтауға көмектеседі, олар сүйек ремоделяция процесінің бұзылуын көрсете алады. Оларға сілтілі фосфатаза, сарысулық креатинин, несептегі дезоксипиридинолин, остеокальцин, бауырдың функционалдық тестілері және т.б. жатады.
Постменопаузалық остеопорозды жасқа байланысты немесе екіншілік остеопороздан ажырату қажет. Сонымен қатар, дәрігер қатерлі ісіктерді, сүйек метастаздарын, миелом ауруын, Педжет ауруын, сколиозды, нейропатияны, фиброзды дисплазияны және басқа патологияларды жоққа шығарады. Қажет болған жағдайда эндокринолог, ортопед-травматолог секілді басқа мамандардың кеңесі тағайындалуы мүмкін.
Климакс кезіндегі әйелдерде остеопорозды қалай емдеуге болады?
Остеопорозды емдеудің басты мақсаты – менопауза кезеңінен бастап сүйек сынуын болдырмау. Зерттеулер көрсеткендей, қауіп факторлары болған жағдайда бұл аурудан толықтай сақтану мүмкін емес. Алдын алу сүйек тінінің минерализациясы мен құрылымын жақсарту арқылы қамтамасыз етіледі. Дұрыс таңдалған ем әйелдің өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға көмектеседі.
Бұл үшін остеопороздың бірнеше даму механизмдеріне бағытталған кешенді антиостеопоротикалық терапия қолданылады. Постменопаузалық остеопорозды емдеу келесі препараттарды қабылдауды қамтиды:
- Кальций препараттары мен D дәруменінің үйлесімі – терапияның негізгі элементтерінің бірі.
- Кальцитонин, бисфосфонаттар, стронций препараттары. Олар сүйек тінінің бұзылу процесін баяулатып, кальцийдің сіңуін жақсартады.
- Сүйек түзілуін ынталандыратын препараттар: паратиреоид гормоны, андрогендер, фторидтер, соматотропин және т.б. Бұл заттар жасушаларды белсендіру және анаболикалық процестерді күшейту арқылы сүйек түзілуін тездетеді. Алайда, олардың айтарлықтай қарсы көрсетілімдері бар, бірақ кейбір жағдайларда олар тиімді болуы мүмкін.
Климактериялық синдромды негізгі емдеу – гормоналды орынбасушы терапия (ГОТ) немесе менопауза белгілерін жеңілдетуге арналған өсімдік негізіндегі препараттарды қабылдау. Бұл заттар сүйек резорбциясының тежегіштері болып табылады, яғни сүйек тінінің бұзылу процесін баяулатады. Дегенмен, остеопороздың дамуын күтпеген жөн, оның алдын алу немесе оның даму қарқынын төмендету әлдеқайда тиімді.
Сүйек тінінің жағдайын түзету және асқынулардың алдын алу үшін әйелдің өмір салты мен тамақтану тәртібіне ерекше назар аудару қажет. Постменопаузадағы остеопороздың алдын алу және оны емдеу келесі ұсыныстарды сақтауды қамтиды: физикалық белсенділікті қолдау, бірақ жарақат алу мен ауыр зат көтеруді болдырмау маңызды, кальцийге бай тағамдарды тұтыну (сүзбе, ірімшік және басқа сүт өнімдері, бұршақ дақылдары, майсыз ет түрлері және т.б.)
Сонымен қатар, остеопороздың дамуына теріс әсер ететін тағамдар мен сусындарды тұтынуды шектеу немесе болдырмау маңызды, мысалы, шоколад, газдалған сусындар, кофе, қою шай.

Климакс кезіндегі әйелдерде остеопороздың болжамы мен алдын алу шаралары
Егер әйел дәрігердің ұсыныстарын сақтаса, постменопаузалық остеопороздың ағымы әдетте қанағаттанарлық болады. Бұл аурудан толық айығып, оны толығымен ұмыту мүмкін емес, бірақ салауатты өмір салтын ұстану және тағайындалған препараттарды қабылдау ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Постменопаузалық остеопороздың алдын алуда физикалық белсенділіктің маңызын асыра бағалау қиын. Салмақпен және жүктемемен орындалатын жаттығулар сүйек тінінің жасушаларын (остеобласттарды) ынталандырады, нәтижесінде олар тығыздала бастайды. Тепе-теңдік жаттығулары денені жақсы басқаруға көмектесіп, құлау және жарақат алу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Дене қалпын дұрыс қалыптастыруға арналған жаттығулар омыртқаға оң әсер етіп, оның қан айналымын жақсартады. Йога мен созылу жаттығулары да дәл осындай пайдалы әсер береді.
Физикалық жүктеменің жүрек бұлшықетіне, қан тамырларының күйіне және ми жұмысына оң әсерін ескерсек, жаттығудың қажеттілігі күмән тудырмайды. Бірақ мұнда кәсіби спортшылар сияқты нәтижеге ұмтылмай, өз күшіңізді ескере отырып, қалыпты деңгейде жаттығу маңызды.
Алдын алу шаралары ретінде дәрігер кальций мен D дәруменінің қажетті дозаларын тағайындауы, күн сәулесінде болу уақытын реттеуге кеңес беруі және арнайы диета ұсынуы мүмкін.
Егер остеопороз бар болса, сүйек сынуын болдырмау үшін арнайы корсеттер, жамбас протекторлары және басқа да қорғаныс құралдары қолданылуы мүмкін. Менопауза кезіндегі әйелдер остеопорозды ерте анықтау үшін дәрігерге тұрақты түрде қаралуы тиіс, әсіресе қауіп факторлары болған жағдайда. Тексерулердің жиілігін маман анықтайды.
Қолданылған әдебиет тізімі:
- Менопаузадағы остеопороз: бастапқы алдын алу мүмкіндіктері. Кузнецова И.В. РМАПО мемлекеттік бюджеттік қосымша кәсіптік білім беру мекемесі, акушерлік және гинекология кафедрасы «ТИІМДІ ФАРМАКОТЕРАПИЯ. Эндокринология» «Остеопороз» арнайы шығарылымы
- Остеопороз кезіндегі тамақтану. https://www.gruzdevclinic.ru/o-klinike/stati/pitanie-pri-osteoporoze
